Биылғы жылы екінші мәрте Астанада ту көтерген «Алтын жебе» халықаралық турниріде 11 мемлекеттің 25 мергені бақ сынады. Бағы жанған румыниялық садақшы Михай Козмей болды. Бұған дейін ат үстінен садақ атудан 2014 жылы Кореяда өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, 2017 жылы Францияда өткен Еуропа чемпионатының чемпионы атанған румынның даңқты мергені міне енді екі дүркін «Алтын жебе» халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды.
«Азиялық стильмен» өткен бәсекеде 62,84 ұпаймен көш бастап, «Түрік стилімен» өткен бәсекеде екінші орын алған Михай Козмей «Қазақ стилінде» алтын, күміс, қола жамбыларға жебелерін қайта-қайта дәл қадап тағы да топ бастап шықты. Сөйтіп, Михай мерген жиыны 169, 65 ұпаймен «Алтын жебенің» кубогы мен 1 800 000 теңге сыйлығын иеленді.
«Азиялық стильде» жүлдеге ілікпегенімен, екінші кезеңдегі «Түрік стилі» бойынша дара шыққан біздің сұрмерген бауырымыз Ералхан Айкөз Жамбы ату сайысында да Михай мергеннен кем өнер көрсеткен жоқ. Ералхан мерген жиыны 145,97 ұпаймен «Алтын жебе» турнирінің күміс жүлдесіне қол жеткізіп, 1 000 000 теңге сыйлыққа ие болды.
Сөйтіп, өткен жылы үшінші орын алған Ералхан Айкөз, биылғы бәсекеде екінші орынға табан тіреді. Бұйыртса, енді Ералхан мергенге келесі жылғы Жамбы атуда бас жүлдені жеңіп алып, ел мерейін аспандатуды мақсат тұтса екен дейміз.
Үшінші орынға үш стиль бойынша жүлдеге ілікпегенімен жиыны 134,67 ұпай жинаған Абзал Тулыбек табан тіреді.
Төртінші орын жиыны 129,86 ұпай иеленген моңғолия сұрмергені Эрдэнэсуфт Эрдэнеге бұйырды.
Бесінші орынды 122,49 ұпаймен түркиялық мерген Алкан Ибраһим Алперен иеленді.
Еске салып өтсек, «Азиялық стильде» румыниялық Михай Козмей бірінші орынды, түрік мергені Аяз Явуз екінші орынды, болгарлық Дмитр Труканов үшінші орынды иеленді.
Ал, «Түрік стилінде» бірінші орынға Ералхан Айтбек, екінші орынға румын Михай Козмей, үшінші орынға түрік мергені Алкан Ибрахим Алперен табан тіреді.
«Қазақ стилінде» яғни, Жамбы ату сайысында бірінші орын Михай Козмейге, екінші орын мажарстандық сұрмерген Немати Арпадқа, үшінші орын Айкөз Ералханға бұйырды.
Бұл жеңімпаздар иеленген орындарына байланысты жеке марапаттарға ие болды.